Ядролық физикалық қауіпсіздік Оқу орталығын ашу

Қосылған: 16 мамыр 2017 15:51, Жаңартылған: 19 мамыр 2017 08:06

2017 жылғы 12 мамырда Ядролық физика институтында Ядролық физикалық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының ашылу рәсімі өтті. Оқу орталығы ядролық және радиоактивті материалдарды физикалық қорғау, есепке алу, бақылау және заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы қазақстандық мамандарды дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігі арасындағы әріптестік аясында құрылды. Өңірлік болуға келешегі бар оқу орталығы жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесі элементтерінің бірі болуы тиіс.

Алматыда Оқу орталығын құрудың маңыздылығы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттерде Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының бірлескен мәлімдемелерінде бірнеше рет айтылды.

Энергетикада, өнеркәсіпте, медицинада және ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын ядролық технологиялар бүгінде дамыған елдер экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен қатар осы технологияларда қолданылатын материалдар ядролық қару немесе "лас бомбалар" деп аталатындарды жасау үшін пайдаланылуы мүмкін, сондықтан олардың терроршылардың қолына түсуін болдырмау әр мемлекеттің міндеті болып табылады. Әлемде ірі уран өнеркәсібі, маңызды ядролық зерттеу инфрақұрылымына ие Қазақстанға ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы мамандардың біліктілігін арттырудың тұрақты жүйесі қажет.

 

 

Оқу орталығының ашылу рәсіміне ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің, Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің, Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының өкілдері, АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің, АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігінің, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың, Қазақстан Республикасының атом саласы кәсіпорындарының жоғары лауазымды өкілдері қатысты.