Ядролық материалдармен және иондандырушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың назарына

Қосылған: 19 мамыр 2017 08:02, Жаңартылған: 19 мамыр 2017 08:07

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің «Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламентін бекіту туралы» 2017 жылғы 20 ақпандағы №58 бұйрығымен (бұдан әрі – Техникалық регламент) кәсіпорындарда ядролық материалдарды және иондандырушы сәулелену көздерінің есебін жүргізуге және бақылауға қойылатын қосымша талаптар бекітілген, атап айтқанда:

 

Ядролық материалдармен (ЯМ) жұмыс істеу жұмыстары басталғанға дейін ядролық, радиациялық және электрфизикалық қондырғылардың әкімшілігі жоғалту, бақылаусыз пайдалану және сақтау мүмкіндігін болдырмайтын ЯМ есепке алу мен бақылау бойынша ұйымдық құрылым құрады. Осы мақсатта:

  1. ЯМ есепке алу мен бақылау қызметі құрылады немесе есепке алу мен бақылауға жауапты адам тағайындалады және олардың құқықтары мен міндеттері белгіленген ереже бекітіледі;
  2. ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау бойынша нұсқаулық әзірленеді және бекітіледі, ол:

 

  • ЯМ есепке қою және есептен шығару тәртібін;
  • ЯМ тапсыру рәсімін;
  • ЯМ өлшеу жүргізу рәсімін;
  • есепке алу және есеп беру құжаттарын жүргізу тәртібін;
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы
    9 ақпандағы № 44 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13470 болып тіркелген) Ядролық материалдарды мемлекеттік есепке алу қағидаларына сәйкес ЯМ бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы уәкілетті органға есеп беру тәртібін белгілейді.

 

Иондандырушы сәулелену көздерімен (бұдан әрі – ИСК) жұмыс істеу жұмыстары басталғанға дейін ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғылардың әкімшілігі жоғалту, бақылаусыз пайдалану және сақтау мүмкіндігін болдырмайтын ЯМ есепке алу мен бақылау бойынша ұйымдық құрылым құрады. Осы мақсатта:

  1. ИСК есепке алу мен бақылауға жауапты адам тағайындалады, оның құқықтары мен міндеттері белгіленеді;
  2. ИСК есепке алу мен бақылау бойынша нұсқаулық әзірленеді және бекітіледі, ол:

 

  • ИСК алу, есепке қою және есептен шығару тәртібін;
  • ИСК есепке алуға және бақылауға жауапты адам болмаған немесе жұмыстан шығарылған уақытта ИСК тапсыру рәсімін;
  • кіріс-шығыс журналын жүргізу, сондай-ақ технологиялық процестің барлық кезеңінде ИСК беру және қайтару тәртібін;
  • ұйымның аумағынан тыс жылжымалы иондандырушы сәулелену көздерінің есебін жүргізу тәртібін (бар болса);
  • пайдаланылмайтын немесе пайдаланудан шығарылған ИСК сақтау тәртібін;
  • жыл сайын түгендеу жүргізу тәртібін;
  • ИСК пайдаланудан шығару, шығынға жазу, бөлшектеу, көмуге тапсыру тәртібін;
  • дайындау және іске асыру кезінде ИСК есепке алу тәртібін (егер жүзеге асырылса);
  • жеткізу және тасымалдау кезінде ИСК есепке алу тәртібін (егер жүзеге асырылса);
  • ұзақ уақытқа сақтауға алу немесе көму кезінде ИСК есепке алу тәртібін белгілейді (егер жүзеге асырылса);

 

  1. авария жағдайында немесе жоғалған ИСК іздеу кезіндегі іс-қимыл регламентін әзірленеді және бекітіледі;
  2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 ақпандағы № 59 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №13458 болып тіркелген) Иондандырушы сәулелену көздерін мемлекеттік есепке алу қағидаларына сәйкес ИСК бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы уәкілетті органға есептер беру тәртібі әзірленеді және бекітіледі.

 

Мұнан былай, Техникалық регламенттің осы талаптарын басшылыққа алуды сұраймыз.