Энергетикалық сараптаманы жүзеге асыру үшін сараптама ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қосылған: 28 маусым 2016 11:35, Жаңартылған: 09 желтоқсан 2016 11:49

       Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 24 мамырдағы № 218 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 28 маусымда № 13840 болып тіркелді

 

      «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 59) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Энергетикалық сараптаманы жүзеге асыру үшін сараптама ұйымдарына қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. «Энергетикалық сараптама жүргізуге ұйымдарды және электр зертханаларын аккредиттеу әдістемесін, қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 49 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10882 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 15 мамырда жарияланды) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі                        Қ. Бозымбаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ақпарат және коммуникациялар министрі
      ____________ Д. Абаев
      2016 жылғы 26 мамыр

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      ____________ Қ. Бишімбаев
      2016 жылғы 30 мамыр

Қазақстан Республикасы 
Энергетика министрінің 
2016 жылғы 24 мамырдағы 
№ 218 бұйрығымен бекітілген

Энергетикалық сараптаманы жүзеге асыру үшін сараптама
ұйымдарына қойылатын талаптар

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Энергетикалық сараптаманы жүзеге асыру үшін сараптама ұйымдарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 59) тармақшасына сәйкес әзірленді және энергетикалық сараптаманы жүзеге асыру үшін сараптама ұйымдарына қойылатын талаптарды анықтайды.
      2. Талаптарда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) cарапшы - мамандығы бойынша электр энергетигі немесе жылу энергетигінің жоғары инженерлік-техникалық білімі және мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі немесе электр энергетигінің немесе жылу энергетигінің орта техникалық және кәсіптік (орта арнайы, орта кәсіптік) білімі және мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі, сондай-ақ электр қауіпсіздігі бойынша рұқсаттама тобы (IV және топтан жоғары) бар, сараптама ұйымының қызметкері ретінде энергетикалық сараптаманы жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
      2) сараптама ұйымы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес энергетикалық сараптама жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      Осы Талаптарда қолданылатын өзге терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
      3. Энергетикалық сараптаманы жүргізуге қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарламаны өтініш беруші уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығымен(Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларына сәйкес ұсынады.
      4. Энергетикалық сараптама жүргізу үшін 1-санаттағы сараптама ұйымының:
      1) штатында кемінде бес сарапшы (электр- және жылу энергетиктері);
      2) осы Талаптарға 1-қосымшаға сәйкес меншік құқығында немесе өзге заңды негіздегі өлшем құралдары;
      3) энергетикалық сараптама жүргізу саласында кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.
      5. Энергетикалық сараптама жүргізу үшін 2-санаттағы сараптама ұйымының:
      1) штатында кемінде үш сарапшысы (электр- және жылу энергетиктері);
      2) осы Талаптарға 1-қосымшаға сәйкес меншік құқығында немесе өзге заңды негіздегі өлшем құралдары;
      3) энергетикалық сараптама жүргізу саласында кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.
      6. Энергетикалық сараптама жүргізу үшін 3-санаттағы сараптама ұйымының:
      1) штатында кемінде екі сарапшысы (электр- және жылу энергетиктері);
      2) осы Талаптарға 1-қосымшаға сәйкес меншік құқығында немесе өзге заңды негіздегі өлшем құралдары болуы тиіс.
      7. 1-санаттағы сараптама ұйымдары энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдарға және электр және жылу энергиясын тұтынушыларға энергетикалық сараптама жүргізеді.
      8. 2-санаттағы сараптама ұйымдары электр қондырғыларының 500 килоВольтАмперге (бұдан әрі – кВА) дейінгі және (немесе) жылу қондырғыларының 1 Гигакаллорий/сағатқа (бұдан әрі - Гкал/сағ.) дейінгі қосылған қуаты бар электр және жылу энергиясын тұтынушыларға энергетикалық сараптама жүргізеді.
      9. 3-санаттағы сараптама ұйымдары электр қондырғыларының 100 кВА дейінгі және (немесе) жылу қондырғыларының 1 Гкал/сағ дейінгі қосылған қуаты бар электр және жылу энергиясын тұтынушыларға энергетикалық сараптама жүргізеді.

Энергетикалық сараптаманы
жүзеге асыру үшін сараптама
ұйымдарына қойылатын   
талаптарға        
1-қосымша        

                      Өлшеу құралдары

      1. Ток қармауыштары
      2. Мегаомметр
      3. Микроомметр
      4. Электр энергиясы сапасының талдағышы
      5. Жерлендіруші құрылғылардың кедергісін өлшеу аспабы
      6. Жоғары кернеумен сынау аспабы
      7. «Ноль фазасы» тізбегінің бір фазалы қысқа тұйықталу тогын өлшеу аспабы
      8. Жылу көргіш
      9. Ультрадыбысты сұйық шығынын өлшеуіш
      10. Түйіспесіз (инфрақызыл) термометр
      11. Түйіспелі термометр
      12. Газ талдағышы